Отандық дизайнерлер Италиядағы сән апталығына қатысты

Отандық дизайнерлер Италиядағы сән апталығына қатысты

Қазақстандықтар Италияның Милан қаласындағы жоғары сән апталығында. Отандық дизайнерлер 2022 жылдың көктем мен жазына арналған киім үлгілерін ұсынды. «Нео-фольклор» мәнеріндегі сән топтамасы талғампаз еуропалық көрермендерді тәнті етті. Шеберлер қазақ халқының көпғасырлық дәстүрлерін заманауи сән ағымдарымен керемет үйлестірген. Көрсетілім Құрманғазы күйлерінің сүйемелдеуімен өтті. Сонымен қатар қазақстандық делегация Жамбыл облысының туристік әлеуетіне арналған көрме де өткізді.

Жалғас Мұртаза, Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының жетекшісі:

- Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңір басшысы Бердібек Машбекұлының қолдауымен қазақстандық бренд Милан қаласында өтіп жатқан әлемдік сән апталығына қатысуда. Аталған сән апталығының аясында Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыру, Еуропа елдеріне жарнамалау мақсатында көрме ұйымдастырдық. Аталған іс-шараның Еуропа мемлекеттерімен туризм бағытында қарым-қатынас орнатуға және де өңіріміздің туристік әлеуетін одан сайын арттыруға өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз.