Қазақстандық жас өнертапқыштар әлемдік сайысқа қатысуда

Қазақстандық жас өнертапқыштар әлемдік сайысқа қатысуда

Атмосфералық ауадан су өндіретін генератор. Осындай қондырғыны ойлап тапқан қазақстандық жас өнертапқыштар бүкіләлемдік «FIRST Global Challenge» сайысында ел намысын қорғауда. Еліміздің командасына 20-ға жуық жоғары сынып оқушысы іріктеліп алынды. Бәйге шарты бойынша әлемнің ең мықты жас ақыл-ой иелері жаһандық сын-қатерлермен күресудің тиімді жолдарын қарастырып, қолжетімді материалдардан ел игілігіне қызмет ететін түрлі қондырғылар немесе робот жасауы тиіс.

Бибінұр Арыстанбек, оқушы:

- Суды көптеген тәсілмен алуға болады. Бірақ біз ауадан су алуға келістік. Ауа таза болуы керек. Ол – ішетін су емес, шаруашылыққа қолданатын су. Бұған 1 айдан астам уақыт кетті. Әркім өз міндетін бөлісіп, пайдалы генератор ойлап таптық. Күніне бір генератормен 20 литр су алуға болады.

Жас робототехниктер қазылар алқасына өз өнертабысының прототипін ұсынып қойған. Ал екінші және үшінші кезең үшін «CubeSat» наноспутнигін құрастырып, оны стратосфераға ұшырып көрді.

Абалис Аллаз, оқушы:

- Бұл модельде бізде 5 түрлі датчик қолданылады. Тазалық, жарық, температура, желдің жылдамдығын өлшейтін датчиктер және камера бар. Су тасқыны болатын көктем мезгілдерінде мұның пайдасы көп. 10 шақырым аспанға ұшып, жерді суретке түсіреді. Қай жерде қар көп, қайда су тасқыны болуы мүмкін екенін болжайды. Бұл ақпараттар арқылы біз су тасқынының алдын аламыз.

Айта кетейік, 2019 жылы Дубайда өткен сайыста қазақстандық жас өнертапқыштар Қытай, Жапония және АҚШ сияқты робототехника алыптарын басып озып, 191 елдің ішінде үшінші орынға ие болған болатын.