«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің түсірілімі басталды

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің түсірілімі басталды

Кеңестік идеологияға қарсы шыққан нар тұлға! Қазақстанда сюжеті осыған негізделген «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің түсірілімі басталды. Картина аты аңызға айналған Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Бірегей жоба ақынның 175 жылдығына орай қолға алынып отыр. Кинотуынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылады.

Фильм желісінде Жамбылдың өміріне әсер еткен айтулы оқиғалар қамтылады. Ол ақындар слеті, ақын өлеңдерінің газет-журналдарда жариялануы, Иосиф Гильманның Мәскеуден келуі. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың Ораз Жандосовпен, Бауыржан Момышұлымен және дәуірдің басқа да көрнекті қайраткерлерімен кездесуі көрсетіледі. Фильм режиссёрінің айтуынша, басты рөлдерді елімізге еңбегі сіңген өнер қайраткерлері мен танымал актерлер сомдайды. Фильмнің негізгі және ауқымды көріністері келер жылы түсіріледі.

Жандос Құсаинов, режиссёр:

- Қазір Жамбыл ауданындамыз. Осы жерде 3 күндік түсірілім бар. Әрі қарай Талғар ауданына барамыз. Жалпы түсірілімнің жұмыстары бірнеше кезеңді, бірнеше маусымды қамтиды. Қазір Жамбылдың 90 жастағы кезеңін түсіріп жатырмыз. Түсірілім алаңында жұмыстар таңғы 04:00-05:00-тен басталады. Жұмыстың ауқымы өте үлкен. Бара-бара ұлғая береді деген ойдамыз. Бастағанымызға 3-ақ күн болды. Команда толық, актерлер кастингтен өткен.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов