Қазақстанда жас дизайнерлер байқауы басталды

Қазақстанда жас дизайнерлер байқауы басталды

Дала рухынан шабыт алып, заманауи реңге келтірілген көшпенділер әлемінің киім үлгілері. Елордада алғаш рет жас дизайнерлер арасында «Global Nomads Fashion Awards» байқауы жарияланды. Оның мақсаты – ескіні жаңғыртуға бел буған жаңа дарын иелерін анықтау. Сондай-ақ елдің ұлттық коды бар экспортқа бағдарланған және бәсекеге қабілетті тоқыма өнімдерін дамыту. Бүгінде 80-нен астам жас дизайнер шеберлігін сынауға өтінім берген. Дені еліміздегі ЖОО-ның бейінді факультеттерінің студенттері. Басты талап – заманауи диджитал мәнерінде ұлттық киім үлгілерін ұсыну. Қатысушылардың жұмыстарын АҚШ, Англия және Ресейдің халықаралық сән сарапшылары бағалайды. Жеңімпаздарды келесі жылдың ақпан айында 5 аталым бойынша жариялайды. Сәнгерлер төл өнімдерін қазақстандық танымал брендпен шығару мүмкіндігіне ие болады.

Ирина Нечаева, жоба ұйымдастырушысы:

- 19 жоба шығармашылық креативті әлеуетті дамытуға бағытталған. Қазақстанның ерекшелігін кеңге таныту үшін тек осы елге ғана тән кодты іздеумен айналысамыз. Жергілікті бренд құрып қазіргі заманғы көшпенді, диджитал-номад ұғымдарына жауап тапқымыз келеді. Бүгінгі таңда барша жаһан халқы диджитализацияға бет бұрды. Сәнқойлар осы стильге әуестеніп барады. Байқау аясында біздің жергілікті туристер және Қазақстанға келген шетелдік саяхатшылар үшін ыңғайлы киім үлгілері мен тәуелсіз өнімдер жасаймыз. Олар біздің брендті көріп, оның Қазақстанда жасалғанын түсінетін болады.