«Бопай ханым» поэмасы оқырманға жол тартты

«Бопай ханым» поэмасы оқырманға жол тартты

Елдің игілігі үшін қазақтан шыққан ең алғашқы саясаткер әйел, Ұлы дала төрінен тұңғыш қыздар мектебін ашқан аңыз адам. Қазақстандық қаламгер Маржан Ершудің «Бопай ханым» атты кітабы жарық көрді. Поэма данагөй тұлғаның көркем бейнесін барынша ашуға бағытталған. Әбілқайыр ханның сүйікті жары әрі кеңесшісі атанған ол ақыл-парасаты және мәмілегерлігімен аты кеңге мәшһүр болған. Оның Ресей патшалығының билеушілері және елшілеріне жазған хаттары, мұрағат құжаттарына негізделген еңбегі 7 бөлімнен тұрады.

Көпен Әмірбек, жазушы-сатирик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Әдемі, жұп-жұқа қырғыштың қырындай ғана тарихқа сүйенген кітап екен. Бопай ханымның хаттары архивте сақтаулы. Соған арқа сүйеп, кейбір жерлерінде фантазиялық, поэзиялық әуендерді қосып жақсы кітап шығарыпты. Бұл Маржанның еңбеқорлығын білдіреді.

Кітаптағы енді бір тың жаңалық – Бопай ханымды «елдің батыс өңіріндегі Кең Жылыой перзенті» деп жазылғаны. Ақын оның кіндік қанының тамған жеріне қатысты тұжырымын тарихи деректермен дәйектейді. Кітаптың мұқабасында 1736 жылы ағылшын саяхатшысы Джон Кэстль салған ханымның суреті басылған. Маржан Ершу бұл нәзіктік пен сұлулықтың артында айбар мен ақылдылықтың тұрғанын бейнелейтін бірегей туынды екенін айтады.

Маржан Ершу, ақын, прозаик, драматург, сатирик, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты:

- Сол суретіне қарап отырып Бопай ханымның ескерткішін қою керек. Бұл да насихаттау бағытында өте маңызды деп ойлаймын. Сондай-ақ Бопай ханымға байланысты сахналық, экрандық туындылар керек. Менің арманым – Бопай ханымды сахнаға шығару, поэмамды драмаға айналдыру.

Ендігі мақсаты – Бопай ханымның Ресейдің Орынбор облысында жерленген сүйегін елге қайтарып, «Хан моласы» – Әбілқайыр кешенінде жер қойнауына тапсыру. Бұл ұстазы Әбіш Кекілбаевтің бастамасы еді. Баршаға мәлім жазушы Бопай ханым тақырыбына тұңғыш рет түрен салып, «Үркер», «Елең-алаң» романдарына арқау қылды. Маржан Ершу Әбіш Кекілбаевтің берген ақыл-кеңесі поэманың дүниеге келуіне басты себеп болғанын айтады. Осыған орай кітаптың тұсауын ҚР Ұлттық академиялық кітапханадағы жазушы Әбіш Кекілбаев оқу залында кесуді ұйғарған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов