ҚР Президенті: 1 млн-ға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді

ҚР Президенті: 1 млн-ға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді

Қазақстанда 2025 жылға қарай инфляция деңгейі 3-4% дәлізінде болуы керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны ауыздықтау үшін ең алдымен кедейшілікпен күресіп, әлеуметтің әл-ауқатын жақсартатын тың бастамалар қолға алынуы тиіс дегенді баса айтты. Президент соңғы 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80-нен 67% дейін қысқарғанын, ал әлеуметтік трансферттер 17-ден 29% дейін ұлғайғанын мысалға келтірді. «Бұдан азаматтардың кірісі алатын жалақысына емес, бюджет шығысына тәуелді екенін байқауға болады. Ол аз десеңіз, жұмыс берушілердің пайдасы және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырғанда еңбекақы әлдеқайда баяу өсуде. Соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар көбейіп барады», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі таңда 1 млн-ға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар, орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қолға алынатын экономикалық-әлеуметтік маңызы зор аса ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін ашық халықаралық байқау өткізуді ұсынды. Бұл қалыпты тәжірибеге айналуы тиіс. Сондай-ақ «Жаңа Қазақстанды» құруға бір адамдай жұмылып, әр азаматтың атсалысуын сұрады. Ол үшін әділ әрі түсінікті мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. «Сонымен бірге жеке меншікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік берілуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.