Отандық музыкант танымал фильмдердің трейлеріне әуен жазады

Отандық музыкант танымал фильмдердің трейлеріне әуен жазады

Біз әлемдік фильмдердің жарнамалық роликтерін асыға қарап жүргенде, басқалар экранның арғы жағында жаңа дүниелерді ойластыруда. Соның бірі біздің отандасымыз, Солтүстік өңірінің тумасы – Тигран Папазян. Бүгінде оның есімі кәсіби ортада жақсы танымал. Ол «Последний богатырь: корень зла», «Собибор», «Карамора» сериалына және басқа да аты шулы фильмдердің трейлеріне әуен жазған.

Сонымен қатар жас композитор түрлі ролик пен голливудтық кинохиттер музыкасының авторы екенін айта кеткен жөн.

Тигран Папазян, композитор:

- Ресми сайттан менің қанша фильм мен ойындарға әуен жазғанымды көруге болады. Барлық ірі компаниямен серіктес болдым. Оның ішінде Warner Brothers, Sony, The Walt Disney Company, Universal Pictures бар.

Тигран музыкамен 11 жасынан бастап айналыса бастаған. Оның айтуынша, бұл салада белгілі бір деңгейге көтерілу үшін адам өзі еңбектеніп, ізденуі керек. Оның қазіргі жастарға айтары да осы.

Тигран Папазян, композитор:

- Алғашында америкалық фильмдерге музыканы лицензиялаумен айналысатын шетелдік лейблдерге хабарластым. Олар трейлер музыкасының каталогтарын жинап, кейін өз тұтынушыларына ұсынады. Мен каталогқа өз әуендерімді қалдырамын, ал олар трейлерде қолданады. Осылай сол ортада танымал бола бастадым. Кейін ресейлік фильмдерге трейлер жазатындар хабарласты.

Композитор трейлерлік музыка кез келген жанрда дамуға, баға жетпес тәжірибе жинауға мүмкіндік беретініне сенімді. Қазіргі таңда оның 25-тен астам жазған әуені 50-ден астам түрлі фильмнің трейлерінде қолданылды.

Авторы: Ақзер Сегізбай