Қазақстан Украинадан өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастырып жатыр

Қазақстан Украинадан өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастырып жатыр

Қазақстан Украинадан өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастыруда. Польша еліне репатриациялық рейстерді отандық «Air Astana» әуе компаниясы орындайды. Котовице әуежайында әуе кемелеріне одан әрі қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. ҚР СІМ-нің мәліметінше, қазір Украинада 2 мыңға жуық Қазақстан азаматы консулдық тіркеуге тұр.

Александр Небога, «Air Astana» әуе компаниясының вице-президенті:

- Ол жақта екі қызметкеріміз бар, олар еуропалық станцияларда қызмет етеді. Әуежаймен толық байланыс орнаттық. Барлығы бізге қол ұшын созып, жолаушыларымыздың діттеген жеріне, яғни Қазақстан Республикасына аман-есен жетуі үшін жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.

Елге оралғандардың барлығы жан-жақты қолдау көрсеткен дипломаттарымызға алғыстарын білдіруде.

Николай Татаренко, жолаушы:

- ҚР СІМ телеграммда арнайы топ ашып, ақпараттың барлығын сонда жіберіп отырды. Кімдерге хабарласу керегіне дейін айтылды. Сол арқылы хабардар болып отырдық. Шекарадан өткеннен кейін бірден тамақтандырып, қонақүйлерге жайғастырды. Орналасқан жеріміз де өте жақсы болды. Сондай қиын кездің өзінде барлығы ұйымдасқан түрде іске асқанына өз басым таңғалдым. Қазір барлығы көрген түстей болып тұр. Шіркін, бейбіт заманға не жетсін! Өзім Украинаға жұмыс бабымен барған едім.