«Хабар» арнасында «Алғысым шексіз» телемарафоны өтті

«Алғысым шексіз». Дәл осындай атаумен бүгінгі мерекеге орай «Хабар» арнасында теле-марафон өтті. Үш жарым сағатқа созылған бағдарламаның мәні мен мазмұны тереңде жатыр. Студияға шақырту алған меймандардың барлығы-дерлік қарапайым ел тұрғындары. Олар тағдырдың тауқыметін тартқандарды тығырықтан алып шықты. Қиыншылықтың қамытын кигендерге көмектесті. Отбасылық жанжалдан ажырасуға дейін барған біраз жұпты табыстырды. Керек болса, өз өмірін бәйгеге тігіп, өзгені өрттен құтқарды. Ұйымдастырушылар келген қонақтардың әр қайсысына арнайы тапсырыспен әзірленген мүсінді табыстап, сыйлық тарту етті.

Жансая Қожахмет, тележүргізуші:

– Ерекшелігі бұл кісілердің – олар өте сабырлы, сосын ұялшақ болады. Олар өздерінің жасаған жақсылығын үлкен іс деп көрмейді. Содан кейін біз оларға алғыс айтып, сіз бүгінгінің батырысыздар десек, қойыңызшы, біз ештеме жасамадық деген сыңаймен отырады. Бұл тек біздің азаматтық позициямыз дейді. Бұндай жандармен осы үстелде бірге отырып, әңгіме-дүкен құру – үлкен жауапкершілік.

Әділбек Құламан, «Алғысым шексіз» телемарафонының продюсері:

– Қазақтың басына түскен қиын-қыстау кезеңде қол ұшын беріп, сол өзінің қамқорлығын көрсеткен жандарды марапаттау оларға Хабар Агенттігінің атынан алғыс білдіру – негізгі мақсат.