Елордада «Алтын алқа» иегері тігіншілік өнерді дамытуда

Елордада «Алтын алқа» иегері тігіншілік өнерді дамытуда

Елордада орналасқан тігін цехының жұмыс істеп жатқанына екі жылдан асты. Мұнда киімдер, медициналық халаттар, бетперделер тігіледі. Сонымен қатар қалыңдық жасауы, ұлттық нақышта тігілген төсек-орындар мен бірегей бұйымдар бар. Ал ең қызығы, жұмысшының барлығы – цех иесі Алида Утарбаева сияқты көпбалалы ана. «Алтын алқа» иегері жолдасымен 9 баланы бағып, тәрбиелеп отыр. Соған қарамастан ол көп уақытын тігін орталығында өткізіп, кәсібін дамытып, өзге әйелдерге тігіншілік өнерді меңгеруге көмектеседі.

Айта кетейік, кәсіпкер Алида Отарбаева «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, шағын өндірісті іске қосып үлгерген.

Алида Отарбаева, кәсіпкер:

- Қазір жұмысым көп. Мектептен үлкен балалар келгенше күйеуім баламен отырады, түстен кейін жұмысқа кетеді. Мен арнайы курс оқып 200 АЕК грантын ұтып алдым. Содан кейін 5 млн теңгелік грантқа өтінім бердім. Оған да келісім берілді. Ол ақшаға станоктар, жүн түтетін машина сатып алдым.

Болашақта Алида Отарбаева өз өндірісін кеңейтуді көздеп отыр, өйткені осылайша ол басқа көпбалалы аналарға жаңа мамандықтарды меңгеруге, сондай-ақ өз кәсібін құруға көмектеседі.

Алида Отарбаева, кәсіпкер:

- Біз балаларымыз үшін барлығын өз қолымыздан жасап, үлгі бола білуіміз керек. Олар аяққа тұрғанша қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Өзім көпбалалы отбасынанмын, жеті ағайындымыз. Мен бір жасқа толғанда әкем өмірден озды. Соған қарамастан анам ерте жұмысқа шығып, тынымсыз еңбек етті. Қазір анам 80 жаста, ол өмір бойы есепші болып қызмет еткен, мемлекеттен ештеңе сұрамады. Жалпы біз əйел заты жан-жақты болуымыз керек. Ешкім ешкімге міндетті, қарыз емес деген принциппен өмір сүремін.

Марина Елжасова – цех жұмысшыларының бірі. Оның айтуынша, соңғы уақытта тігіншілікті қолға алған екен. Қазіргі таңда Маринаның қарапайым хоббиі сүйікті әрі табысты кәсіпке айналған.

Марина Елжасова, тігінші:

- Кіші балам бір жасқа толған кезде өз мамандығым бойынша жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Себебі мамандығым – инженер-құрылысшы. Сол кезден бастап тігіншілікке көп көңіл бөле бастадым. Алғашында шағын станок сатып алдым. Ақырындап тігін ісімен айналысып, кәсібімді дөңгелете бастадым. Әрбір әйел өз ісімен айналысса, бойынан жанына жақын дүние тапса, оған мемлекеттен ештеңе керек емес.

Алида Отарбаеваның айтуынша, бақытты өмір сүруге кәсіпкерлікке арналған арнайы курстар, талмай еңбек ету, өз жұмысына адал қарау, табысқа жетуге деген ұмтылыс жол көрсеткен.

Айта кетейік, бүгінгі таңда он саусағынан өнер тамған көпбалалы аналардың қолынан шыққан әсем бұйымдарға тапсырыс елордадан ғана емес, көршілес қалалардан да түсіп жатыр.

Авторы: Әсел Күшенғалиева