Ұлттық қолөнерді жаңғырту: Ризабек Төлеубек қолына тиген ағашқа жан бітіреді

Ұлттық қолөнерді жаңғырту: Ризабек Төлеубек қолына тиген ағашқа жан бітіреді

Солтүстікқазақстандық Ризабек Төлеубек қолына тиген ағашқа жан бітіріп, домбыра қылып күмбірлетеді, қобыз, сырнай болып сарнатады. Бүгінде ол шағын цех ашып, жұмыс істейді. Шебер қолданбалы өнерді бала кезінен дәріптеп келе жатыр. Музыкалық аспаптарды жасау үшін ол ағаштың бірнеше түрін қолданады.

Ризабек Төлеубек, шебер:

- Қайыңның домбырасы жақсы шығады. Шешен. Дыбысы қалыпты, орнықты, жақсы шығады. Солтүстік Қазақстанға көшіп келгелі бірінші рет қайыңнан жасап жатырмын. Бұрын алма, өрік, қызылтал секілді ағаштардан жасағанмын.

Өнер иесінің мамандығы – музыкант. Бүгінде ол ұлттық дәстүрді, өнерді балаларының бойына да дарытуда. Қос қызы ағаштан түйін түймесе де, күй тартуға талпынып жүр.

Сұңғұла Ризабек, Р. Төлеубектің қызы:

- Екінші күйді үйреніп жатырмын. Ол – «Би» күйі. Бірінші күйді үйрендім. «Кеңес» күйі. Әкем бізге өзі жасап берді. «Арнайы домбыра. Өздерің шертесіңдер» деді.

Сонымен қатар шебердің сазгерлік өнері де бар. Ризабек Төлеубек өскелең ұрпақтың ұлттық өнерді өз көздерімен көріп, бойына сіңіріп өсуі үшін тәжірибесімен бөлісуге дайын.