Павлодар облысында археология мектебі қайта жанданды

археология
554a875a-71dc-4f5f-b6bf-ae8967f137d5.selcdn.net

Тарих тереңіне бойлап, танымал археологтардың сабағына қатысып, тәжірибе алмасу. Павлодар облысының оқушылары енді осындай мүмкіндікке ие. Осылайша аймақтағы тарихшылар сабақтастығы беки түсіп, жас ғалымдардың шоғыры қалыптаспақ. Оқушылар Қазақстанның тарихын теория жүзінде зерттеумен шектелмей, археология негіздерін меңгеріп, экспедицияларға қатысады.

Қазбек Кендіров, оқушы:

- Болашақта тарихшы болғым және археология саласын дамытқым келеді. Археология, тарих жайлы көптеген кітап жазсам деймін.

Ульяна Забродина, оқушы:

- Ежелгі адамдардың ізі қалған орындарды көргім келеді. Қазба жұмыстарына қатысып, археологтардан тәлім алсам деймін. Сондықтан осы мектепке келдім.

Аймақтағы 6,5 мың жылдық тарихы бар ежелгі тұрақтар Аққулы ауданының Бөрлі көлінің маңайында шоғырланған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ежелгі малшылар қонысы болуы мүмкін. Зерттеушілер жануарлар осы аумақта қолға үйретілген деген пікірде. Оқушылар дәл осы жерде қазба жұмыстарына қатысады.

Виктор Мерц, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Алғашқы қазба жұмыстары Бөрлі көлінде жүргізіледі. Неолит және қола дәуірлеріне жататын қорымдарды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Оқушылар да көмектеседі.