Қазақстанда көкпар тартатын қыздар қатары көбейіп келеді

Қазақстанда көкпар тартатын қыздар қатары көбейіп келеді

Қазақтың ұлттық ойыны көкпарға  қатысып, ерлермен тең бәсекеге түсетін бұрымдылар қатары көбеюде. Қаскелеңдік Ева Жигалина солардың бірі. Ол  6 жасынан атқа мініп өскен әккі шабандоз. Көкпар аламанына 15 жасынан қатысқан. Қазір Ева Қарасай және Жамбыл өңіріндегі ең белсенді ойыншылардың бірі.

Ева Жигалина, көкпаршы:

– Жылқы жануарының менің өмірімдегі орына ерекше. Көкпарға шапқанда ешкімнен қалыспаймын.  Атқа  мінгенде  өзімді әдеттегіден  мықтырақ сезінем. Өзіме  сенімділігім арта түседі.

Жастайынан ат құлағында ойнап өскен қыз бүгінде қазақтың ұлттық ойыны бәйге мен көкпарға ат баптаумен айналысып жүр. Сәйгүліктерді жолдасы екеуі Ресей, Еуропа мен Азиядан арнайы таңдап әкеледі. Бүгінде шабандоздың фермасында 10-нан аса асылтұқымды жылқы бар.

Тельман Мұсаев, атбегі:

– Мен бұл кісімен танысқан кезде ол көкпар тартып жүрген. Ол өзінің сүйетін хоббиі ғой. Жанында жүрген көкпар тартып жүрген жігіттер бұған қарсы емес. Енді өзі атты жақсы көреді, Қалай енді бармайды? 

Ева ұлттық спорт түрлерін танымал етуге бар күшін жұмсамақ. Алдағы уақытта кәсіби шабандоз мектебін ашуды жоспарлап отыр.