Елордада сирек қолжазбалар көрмесі ашылды

Елордада сирек қолжазбалар көрмесі ашылды

Қарахан, көне түрік қағанат дәуірі және қазақ хандығы кезеңдерінің мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін сирек кездесетін қолжазбаларды енді Елорда тұрғындары тамашалай алады. Нұр-Сұлтанда «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты бірегей көрме ашылды.

Шара ұйымдастырушысы  «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығының  директоры Жандос Болдыковтың айтуынша, көрмеге  қойылған жәдігерлер 7 ғасырдан бастау алады. Осы ретте, әлем бойынша Ислам дінінің басты кітабының 7 көшірмесі бар болса, соның бір данасы осы көрмеге арнайы қойылғанын айта кеткен жөн.

Жандос Болдыков, қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығының директоры:

– Біздің орталыққа бүгінгі күні 5 жыл болды. 5 жылдың ішінде 1500-ға жуық кітаптар бар. Жалпы олардың саны 6000, сирек кездесетіндері – 1500. Енді біздің мақсат – алдағы 3 жылдың ішінде бүкіл Қазақстан бойынша сирек кітаптарды жинау қорға және 5 жылдың ішінде шетелден алып келу. Біз шетелге арнайы шығамыз, көп кітаптар бар Өзбекстанда, Турцияда, Ресейде, Еуропада, Англияда, Германияда. Біздің мақсат – соның барлығын бір орталыққа жинау. Нағыз рухани байлық сол болады.

Көрменің нәтижесінде отандық жас ғалымдар түпнұсқа дереккөздерімен жұмыс жасау мүмкіндігін алады. Айта кетейік, Елорда тұрғындары мен қонақтары экспозицияны 1 ай көлемінде тамашалай алады.