Қазақстандық бір топ ғалым Моңғолияға экспедицияға аттанады

Қазақстандық бір топ ғалым  Моңғолияға экспедицияға аттанады

Моңғол ұлты мен байырғы рулардың қазақ генетикасымен сәйкестігін анықтау. Осы мақсатта қазақстандық бір топ ғалым  Моңғолияға экспедицияға аттанады. Зерттеушілер еліміздің азаматтарынан жиналған гендік тест пен қан үлгілерін Моңғолияның кіші этникалық топтарының азаматтарымен салыстырмақ. Осылайша, ғалымдар ортақ туыстық белгілер мен этникалық сәйкестіктерді анықтайды. Зерттеудің мақсаты айқын, енді оны іске асырып, нәтижесін этногенез саласындағы ғылыми жаңалық ретінде жариялау жоспарда бар.

Мақсат Жабағин, ҰБО адам генетикасы зертханасының меңгерушісі:

– Ол жақта да әртүрлі моңғол тілдес этникалық топтар бар. Солардың әртүрлілігін зерттейміз генетика арқылы. Қазіргі тұрып жатқан моңғол тектес топтардың қайсысы жақын, қайсысы алыс екенін анықтау үшін сол жаққа барып, этнографиялық деректерін жинаймыз, сонымен қоса днк-сын жинаймыз.

Қазақ ғалымдары Моңғолия жерінің бұрын осындай зерттеу жүргізілмеген батыс және шығыс өңірлерін қамтымақ. Тұрғындардан жиналған ДНҚ үлгілері арнайы биобанкте сақталып, елге жеткізіледі.

 Ерлан Раманқұлов, ҰБО Бас директоры:

– Моңғолияның негізгі халқы жақсы зерттелген, оны әрі қарай қазбалау мақсатымыз емес. Бұрын ғалымдар назарына көп ілікпеген топтар бар. Найман, қоңырат, керей секілді ірі рулар 700-ден аса жыл бұрын Моңғолияда тұрып, көшпелі дәстүр кезеңінде қазақ жеріне қоныс аударған. Солардың еліміздегі басқа да рулармен гендік сәйкестігін білеміз.

Қазақ халқы Жер бетінде өз шежіресін жақсы білетін аз ұлттардың қатарында, дейді ғалымдар. Заманауи ғылым мен технология оны дәлелдеуге мүмкіндік беріп отыр. Өкініштісі, көшпелі халқымыздың тарихи оқиғалары сақталған жазбалар аз. Деректі материалдар тапшылығын ескерсек, тың мәліметтер тарихшылар, археологтар мен палеонтологтар үшін құнды болары сөзсіз.