РЕФЕРЕНДУМ-2022: Германияда Қазақстан азаматтарының 85% дауыс берді

РЕФЕРЕНДУМ-2022: Германияда Қазақстан азаматтарының 85% дауыс берді

Германиядағы отандастарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысты. Дауыс беруге ниет білдірген қазақстандықтардың 85% өз таңдауын жасаған. Арасында студенттер, Германияда жұмыс бабымен жүрген азаматтар, дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар. Жалпы азаматтарымыз үшін екі учаске жұмыс істеді. Оның бірі Берлиндегі Қазақстан елшілігінде, екіншісі  Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан  бас консулдықта ашылды.

Айнұр Матаева, Берлин тұрғыны:

– Мен Берлиндегі «Мирас» қазақ мәдени орталығының төрайымы болам. Қазақстан үшін маңызды күнде референдумға азаматтық борышымызды орындауға келдік. Демалыс күнге қарамастан, отбасымызбен осы балаларымызды бірге алып келіп, бізді көрсін, біз үлгі болайық деп референдумға атсалысып жатырмыз. Даусымызды беріп келдік, қызым көмектесті.

Нурхамила, турист:

– Германияға сапарым референдуммен тұспа-тұс келді. Елден жырақта болсам да, өз таңдауымды жасағым келді. Сондықтан дауыс беруге асыға келдік.

Ал Грузияда қазақстандықтардың референдумға қатысуы бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елде жүрген отандастарымыздың 100 проценті дауыс берген. Грузияда бір ғана дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Азаматтық ұстанымын білдіру үшін  қазақстандықтар елдің әр қиырынан Тблисиге ағылды.

Жазира Мырзақасымова, Грузиядағы ҚР елшілігіндегі №277 учаскелік комиссиясының Төрағасы:

– Бүгін Грузиядағы Қазақстан елшілігіндегі учаскеде 277-ге барлық дауыс берушілер келді қазақстан азамттары. Біздің тізімде барлары, тізімде жоқтары да, көп туристер басқа қалалардан келді. Боржоми, Батуми, Тбилисиден қанша алыс екенін білесіздер. Соған қарамастан таңертең сағат 7-де ашылғаннан бастап барлығы келіп өздерінің дауыстарын берді. 100 пайыз адамдардың барлығы дауыстарын берді. Бұл әрине бірінші рет осылай болып тұр Тбилиси қаласында дауыс беру барысында. Бізде бірде бір бүлінген бюллетень жоқ. Барлығын санап шықтық. Хаттаманы жасадық. Қазір оны орталық Қазақстанға Орталық сайлау комиссиясына жібереміз.