Шымкентте «Астана Опера» театрының әртістері өнер көрсетеді

Оңтүстік Қазақстанның өнер сүйер қаумы балет жауһарларымен қанығуда. 7-8 маусымда «Астана опера» театрының балет труппасы Шымкент қаласында «Шопениана» қойылымын ұсынады. Айта кетейік, бұған дейін елордалық театр ұжымы Түркістанда өнер көрсетіп, көрерменін шығыстың жұмбақ әлеміне шомылдырды. Түркі әлемінің рухани астанасында да романтикалық «Шехеразада» балеті сахналанды. «Астана операның» кезекті жазғы гастрольдік сапарына шығармашылық қордағы өзге де үздік туындылар енген. Гало-бағдарламада классика, неоклассика мен модерн бағыттары қамтылған. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың ерекше бағдарламасы аясында ұжымның күміс көмей әншілерінің де өнерін тамашалау мүмкіндігі жасалған.