Мемлекет Басшысы Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты. Аймақтың әкімшілік орталығы Жезқазғанда мемлекет басшысына шешімін күткен бірқатар мәселелер туралы айтылды. Әсіресе, экологиялық жағдайдың нашарлауы, қала экономикасының әртараптандырылмауы және ірі кәсіпорындарға тәуелділік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мен республикалық маңызы бар жолдардың тоқуы сынды проблемалар атап өтілді. Аймақ әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, дәл осы жағдайлар – өңір экономикасының дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлар. Бұл транзиттік тасымалдың қысқаруына, бағаның өсуіне, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әсер етеді. Облыс  тұрғындары да осы мәселелердің шешім тапқанын күтеді.

БЛИЦЫ:

– Қаланы көркейтуге күш жұмсау керек шығар. Жол мәселесі де бар. Орталықтағы жолдардың жағдайы жақсырақ, ал елді-мекендердегі жолдар жүруге келмейді.

– Медицина, жол, білім беру, әлеуметтік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы ахуалға көңіліміз толмайды. Үйлердің сыртқы келбеті де тозған. Қалада жастарды қызықтыратын орындар жеткіліксіз.

– Экология мәселесін назарға алса екен. Ең алдымен осыған көңіл бөлу керек шығар.

Жезқазғанды ​​сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 46 миллиард теңге қажет, дейді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы. Жаңадан құрылған өңір құрамына екі аудан мен үш қала кіреді. Шағын, бірақ стратегиялық маңызды аймақ.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:

– Жергілікті жерде шешімін күткен мәселелер көп. Ал желілердің тозуы - үлкен мәселенің бірі. Бұл Жезқазған қаласының ауыз су сапасының мәселесі, Ұлытау ауданында, Жаңаарқада да бар. Кәріз желілері тозған,   Сәтбаев, Қаражал, Ұлытауда тіптен жоқ жерлер бар. Осының бәрін үкіметтің қолдауымен шешуіміз керек. Облыс орталығы мәртебесінің оң нәтижелерін жақында халық сезіне бастайды.