Беларусь елінде қазақстандық 11 жауынгердің жатқан жері табылды

Беларусь елінде қазақстандық 11 жауынгердің жатқан жері табылды

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан 11 жауынгердің жерленген жері табылды. Қазіргі таңда еліміздің «Майдан жолы» жасағы Беларусь еліндегі іздестіру экспедициясын жүргізуде. Қазір еріктілер Витебск облысы Дубров ауданында жұмыс істеп жатыр. Алдағы күндері «Рыленки» мемориалдық кешенінде қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне ескерткіш орнатылады. Соғыс жылдарында Витебск аумағында болған қанды шайқасқа Қазақ жерінде құрылған әскери құрылымдар қатысқан. Мәселен, 39-шы атқыштар дивизиясы Алматы қаласында жасақталған. Сонымен қатар, 238-ші атқыштар құрылымы Семей, Алматы және Өскеменде құрылған.

Александр Шитов, «Майдан жолы» жасағының командирі:

– Біз Поднизовье ауылының жанындамыз. Жасақ мүшелері соғыс жылдары ұрыс болған аумақтарды зерттеп жатыр. Осы күнге дейін табылған жауынгерлерімізді діни дәстүр бойынша қайта жерлейміз. Басты мақсатымыз – Отан үшін отқа түскен ержүрек батырларымыздың аты-жөнін анықтау. Дәл осы жерлерде Алматыда құрылған әскери жасақтар соғысқан.