Елордалық әуежайдың ұшу-қону жолағы жөнделеді

Елордалық әуежай ұшу-қону жолағында жүргізілетін жөндеу жұмыстарына байланысты рейстердің кестесін өзгертті. Енді әуе кемелерінің ұшып-қону уақыты кешкі сағат 18:00 мен таңғы 11 аралығын қамтиды. Бұл өзгеріс 15-ші шілдеден бастап күшіне еніп, 8-ші тамызға дейін жалғаспақ. Осы кезеңде билеттерді қайтарған жолаушыларға айыппұл салынбайды. Халықаралық әуежай өкілдері жаз маусымының бекер таңдалмағанын айтады. Бұл жөндеу жұмыстары үшін ең қолайлы кезең. Себебі күзде жауын үдеп, жер қата бастайды. Барлығы бес мың шаршы метр аумақ жаңғыртылады. 

Ерғазы Жолдасов, «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– 5 мың дегеніміз бұл тек қана жолақтың аумағы ғана емес. Оған аэродромның перроны кіреді. Сондай-ақ, айналып жүретін жолы бар. Жолақтың өзінде шамамен екі мың шаршы метр аумақ жөнделеді. Дәл осы кезде жолаушылардың ағыны артты. Әсіресе ішкі тасымал жағы өсіп келеді. Халықаралық рейстер пандемиядан кейін қайта жанданып жатыр. Өсім бар. Ішкі тасымал 40%-ке, ал халықаралық жолаушылар легі 27% артқаны байқалады.

Сондай-ақ, әуе айлағының өкілдері бұл жұмыстар әдеттегі жол құрылысынан өзгеше екенін айтады. Жұмыс барысы басқа және  материалы ерекшеленеді.  Бұл жерге арнайы асфальт жабыны төселеді. Тозығы жеткен аумақ тазаланып, бірден жаңасына алмастырылады. Ұшу-қону алаңының ашылуына екі сағат қалғанда сарапшылар жаңа тас жолдың сапасын тексереді.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов