Өскемен мен Семей арасында кеме жүруі мүмкін

Өскемен мен Семей арасында кеме жүруі мүмкін

Жаңадан құрылған Абай облысында Ертіс өзені арқылы кеме байланысы жандануы мүмкін. Жергілікті билік қазір жобаның тиімділігін зерттеп-зерделеуде. Экономист Асхат Дүйсембаев Ертіс арқылы жолаушы тасымалын да, жүк тасымалын да ұйымдастыру керек дейді. Ғалымның есептеуінше, Ертіс бойында Қытайдың 25 миллион, Ресейдің 5 миллион, Қазақстанның 2 миллионнан астам халқы тұрады. Ең маңыздысы, өзенді бойлай бірнеше өндірістік қала орналасқан. «Бұл – үлкен нарық. Ертісті тиімді пайдалану Семейдің ғана емес, Өскемен мен Павлодардың да экономикасын көтереді», -  дейді профессор. 

Асхат Дүйсембаев, экономист:

– Ертіс үш мемлекеттің арасында жатқан өзен. Қытайда басталады - 523 шақырым, Қазақстаннан өтеді - 1810 шақырым, Ресей - 2010 шақырым. Мұны неге пайдаланбаймыз? Семей өңірі дамиды. Ертіс көп адамды жұмыспен қамтиды және экономикасы өркендейді.

Облыс әкімдігі кеме қатынасын  қайта жолға қоюды қолдайтын дайын инвесторлар да барын мәлім етті. Жобаның есеп-қисап жұмыстары аяқталса Ертіс бойын жағалай қатынайтын кемелерді көретін күн алыс емес.