Қосымша біліммен қамту

Жаз мезгілінде жанұяның бәрінің бірдей шетел асып, я тым болмағанда табиғат аясында серуен құруға  шамасы келе бермейді немесе уақыты тапшы екені белгілі. Таңнан кешке дейін жұмыстан қолы босамайтын ата-ана баласының демалысы  зая кетпес үшін түрлі үйірмелерге қатыстырады. Елорданың өзінде биыл 4 жаңа қосымша білім орталығы құрылған.

Бұл сыныпта балалар домбыра тартып үйренеді. Тамыры терең тартқан киелі аспаптың қыр-сырын меңгеру оңай емес. Дегенмен, домбыраның құлағында ойнағысы келетін шәкірт қатары артып, ұлттық өнерді жетік танимын деген ынталары жоғары. 

Бекзат Прилепесов, қосымша білім беру педагогы:

– Бір айдың ішінде кіші және ересектер тобы құрылды, сабақтарға үзбей қатысады. Ересектер тобы 10-15 жас. Кіші топта 5-9 жас аралығындағылар.

Ұшақтарды моделдеу. Бокс. Хореография. Бір жарым мың адамға шақталған орталықта балалар 11 үйірменің ішінен қалағанын таңдай алады. Оның өзі лезде толды. Сұраныс өте жоғары дейді сала мамандары.

Берік Туямашев, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Үйірмелерге қатысуға ниеттілер қатары өте көп. Қазір тізім құрылып жатыр. Қыркүйек айында толық қосылады. Әзірге, домбыра, робототехника, блогинг үйірмелері жұмыс істеп тұр. 

Елордалық оқушылар сарайында жүзге тарта үйірме бар. Қазір оларда 12 мыңнан астам жасөспірім қосымша біліммен қамтылған. Араларында шетелдіктерде бар.

Роза Сейітжанова, қосымша білім беру педагогы:

– Оларға көбіне ұлттық бағыттағы үйірмелер қызықты. Ою-өрнектеріміз ұнайды. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап, Америкаға барған кезде достарына кәде сый ретінде таратқан.

Бұған қоса, бас шаһардың 92 мектебінің жанынан төменгі буын оқушылары үшін арнайы жазғы лагерлер ашылды. Нәтижесінде 93 мыңнан астам елордалық балғын қосымша біліммен қамтылды. Қаланың «Теміржол» және « Көктал» аудандарында екі Community орталығын құру жоспарда бар.