Отандық ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары сынақтан өтті

Отандық ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары сынақтан өтті

Отандық мамандар жасап шығарған дрон сынағы сәтті өтті. Ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты  салмағы 7 килограмға дйін жүк тасымалдай алады. Сынақ кезінде 700 метр биіктікке көтерілді. «Ілбіс» деп атау берілген дрон адам аяғы жетуі қиын таулы, орманды алқаптардағы жұмыстарда қолдануға арналған.

Ардақ Бектасов, компанияның бас директорыя:

– Мәселен, теңіздегі мұнарадан жағалауға дейінгі қашықтық 15-20 шақырым. Тапсырыс беруші флеш-картаны жеткізу үшін кеме немесе тікұшақ жалдауы қажет. Әрине, оның шығыны көп және көбіне қауіпсіз де емес. Ал біздің ұшқышсыз басқарылатын аппаратымыз ол жұмысты еш қиындықсыз орындай алады. Квадрокоптер болса, 15-20 шақырым қашықтыққа дәлме-дәл ұша алмайды.

Аппаратты құрастыру жұмыстары үш кезеңнен тұрады. Ең алдымен, оның цифрлық суреті жасалады. Бағдарламашы мамандар оның аэродинамикалық мүмкіндіктері мен ұшу массасын есептейді. Дронның құрылымы түгелдей компьютерде пысықталады. Прототип дайын болған cоң инженерлер 3Д принтердің көмегімен аппараттың әр бөлшегін жасап шығарады. Содан соң электрондық құрамдастары орнатылады. Арнайы жабынның арқасында дрон Цельсий бойынша минус 30-дан плюс 45 градусқа дейінгі температурада ұша алады.

Виталий Гроо, Бас инженер-құрастырушы:

– Біз технологиялық процесс барысында қажетті беріктік, жеңілдік және өзге де өлшемдерді белгілеп аламыз. Кейін бұл матаны матрицаға орналастырып, арнайы шайырға малып, вакуумдаймыз. Оны бояп, әрлеген соң тікұшақтың бір бөлігі дайын болады.

Компанияның өнімдері негізінен жекелеген серіктестерге бағытталады. Ұшу аппараттарын жөндеу мен техникалық қызмет көрсету бағытын да белсенді дамытуда. Осылайша, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуды көздейді.