Қазақстанда анимациялық киножобалардың өндірісі дамып келеді

exk.kz

Қазақстанда анимациялық фильмдердің өндірісі қарқын алды. Тек биылдың өзінде мемлекет бұндай 8 жобаның түсірілімін қаржыландырмақ. Олардың қатарында жас режиссер Дильшат Рахматуллиннің туындысы бар. Соңғы 11 жылдың ішінде ғана оның студиясынан ондаған мультфильм көрерменге жол тартты. Өткен көктемде «Бесік жыры» атты еңбегі Түркиядағы байқауда үздік анимация деп танылды. Ал, 2023 жылдың соңында «Ашина. Көктегі қасқырлар туралы аңыз» атты жаңа жұмыстың тұсауын кесу көзделген.  

Дильшат Рахматуллин, анимациялық фильмдердің режиссері:

– Бұл 3-Д форматында түсірілген мультфильм. Фильм орыс тіліне дубляждалып қазақ тілінде шығады. Сондай-ақ, қазір біз Түркия, жалпы түркітілдес елдер оны өз тілдеріне өздері аударатыны жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сапа жағынан көрші мемлекеттердегі әріптестерден  асып түспесек, кем дүние жасамаймыз. Яғни бәсекеге қабілетті өнім. Сондықтан, маңымыздағы елдерге прокатқа шығуымыз әбден мүмкін. 

Сондай-ақ, елордалық медиакомпанияның екі бірдей жобасы мемлекеттік демеуге ие болған. Ол ұжым Ұлттық киноны қолдауға бағытталған  байқауға Алматы қаласына арналған көркем фильм және  «Ева. Батыр қыз»  деректі туындысын ұсынды. Соңғысы нәзік жандыларға тән емес дәстүрлі ұлттық спорт түрі - көкпар ойынына әуестеніп, ер мінез  танытып жүрген Алматы тұрғынының  өмір жолы мен жетістіктерінен сыр шертеді.

Темірбек Аманжол, сценарист-режиссер:

– Еваның бойында қорқыныш сезімі жоқ десек болады. Егер, сіз көрген болсаңыз күрт жоғары көтерілетін немесе төмен түсіп кететін дөңес жерлер көп. Ол оны ат үстінде  шауып жүріп бағындыра алады. Бұл ер азаматтардың өзінде  екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Бүгінде жобаның авторлары  «Ева. Батыр қыз» фильмінің бір бөлігін түсіріп үлгерген. 2022 жылы жабық көрсетілім ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл шығармашылық топтың алғашқы үлкен бастамасы. Жаңа туындыны түсіруге кеткен шығынның 70%-ін мемлекет өтейді. Айта кетейік, биыл бюджеттен осы текті 62 отандық киножоба қолдау табады.

Абзал Мұхимов, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасының орынбасары:

–  Жалпы биыл  жариялаған питчингке 200-ден астам ұсыныс келіп түсті. 60 пайыздан астамы, яғни 70 пайызға жуығы жастардың жобалары. Жалпы Қазақстан киносында жаңа буынның қалыптасқанын осыдан-ақ байқауға болады. Жастар қазір батыл, тәуелсіз, еркін ойлы Жақын арада олар өздерінің өндірістерін бастайды.

Бұл дегеніміз, жақында отандық кино өндіріс жаңа дарын иелерімен  толыға түседі деген сөз. Оларды ел ғана емес, шет мемлекеттер де танитын болады. Биыл 20-ға тарта елде қазақстандық кино күндерін өткізу жоспарланып отыр. Бұл тізімде АҚШ, Канада және Германия бар.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов