Президент жолдауында өзекті әлеуметтік мәселелер қозғалды

Еліміздің басты құндылығы – адам. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысы кішкентай қазақстандықтардың жеке есепшотына аударылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының Президенті:

– Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы бұл бастама 2024 жылдан бастап іске қосылатынын атап өтті. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап бала күтіміне байланысты  жәрдемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді. Осылайша, балалардың ең маңызды шағы – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек бола алады, дейді Сенат депутаты Дана Нұржігіт.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламент Сенатының Депутаты:

– Әлі сүт емген, әлі анасының әлдиіне қанбаған баланың қасында 1,5 жасқа дейін отыру, менің ойымша, бұл бір ғанибет. Президент өзі де айтып кетті, баланың ең маңызды кезеңдерінде бірге болу, түйсігіне өзінің ыңылдаған әнін жеткізу, әңгімеңді айту, үілдегенін көру, баланың алғашқы қадамын, тәй-тәй басқан көру бұл өте маңызды. Сондықтан алғашқы 1,5 жылда ата-аналар баланың қасында өткізуге мүмкіндік алып отыр.

Сондай-ақ, Президент халыққа жолдауында әйелдердің зейнет жасына тоқталып өтті. Әлеуметтің талап-тілегі ескеріліп, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды.