Павлодар облысынан Ахмет Байтұрсынұлы кітабының төте жазумен жазылған түпнұсқасы табылды

Павлодар облысынан Ахмет Байтұрсынұлы кітабының төте жазумен жазылған түпнұсқасы табылды

Павлодар облысында Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды. Төте жазумен жазылған кітаптың 93 беті сақталыпты. Әбден ескіріп, беттері сарғайып кеткен туындыға кемінде жүз жыл болған. Кітаптың мұқабасы сақталмағандықтан дәл қай жылы шыққанын дөп басып айту қиын. «Маса» кітабы 1911 және 1914 жылдары Орынборда басылып шыққаны белгілі. Құнды жәдігерді Бұқар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне Аққулы ауданы Шақа ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымов тарту еткен. Туынды ұзақ жылдар бойы ата-анасының үйінде отбасылық мұра ретінде сақталып келген.

Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры:

– Сұрыптап қарасақ бұл негізінде үш кітап болып шықты. Соның ішіндегі біреуі осы Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» деген жинағы. Бұның ішінде сол «Маса» деген жинақтың ішінде сол кездегі хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі, сол әлеуметтік жағдайы жөнінде жазылған өлеңдер ғой. Оның ішінде Лермонтовтан аудармалар да кіргізілген.