ҚР ОСК: әрбір кандидаттың үгіт науқанына 10 млн теңге қаражат бөлінеді

Қазақстанда ел президентігіне үміткерлерді ұсыну процесі басталды. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, республикалық бірлестіктер өз кандидатын, қазан айының 11-і, кешкі сағат алтыға дейін таныстыру керек. 5 күн аралығында комиссия өз шешімін шығарып, үміткерді тіркейді. Бұл жолғы саяси додада, талап етілетін құжаттар саны 18 болып бекітілді. Олардың ішінде кандидаттарды ұсыну, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құжаттары бар. Сонымен қатар, сайлауға түсетін кандидаттарға қойылатын талаптар бекітілді. Атап айтқанда, мемлекет басшысы лауазымына жасы 40-қа толған тек Қазақстанда туған азамат, сондай-ақ, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, жоғары білімі және бес жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар адам ғана үміткер бола алады. Сонымен бірге 15 жыл ел аумығында тұруы міндетті. Тағы бір айта кетерлігі алдын ала есеп бойынша, әр кандидатқа үгіт-насихат науқанын жүргізуге 10 млн теңге бөлінетін болады.

Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

 – Президенттікке кандидаттардың әрқайсысына үгіт насихат науқанына мемлекет теңдей дәрежеде бюджеттен қаржы бөледі. Ол қаржының мақсатты түрде жұмсалуын Орталық сайлау комиссиясы  қадағалайды. Сонымен бірге комиссия кандидаттың сайлау қорына қаражаттың түсуі мен жұмсалуын бақылауды жүзеге асырады. Үміткер барлық талапты орындауға міндетті.