Елордада интернет алаяқтарды анықтайтын бірегей қазақстандық  жүйе таныстырылды

Қазақстанда жалған сайттар мен қосымшаларды бұғаттауға арналған стартап пайда болды. Ғаламтор желісінде оңай олжаға құныққан алаяқтардың арам ісіне қарсы отандық жас ғалымдар осындай жүйе  ойлап тапқан. Нейрондық желі негізінде құрылған бағдарламалық жасақтама веб-өрмекшінің көмегімен жұмыс істейді. Қазақстан мен АҚШ-та патенттелген бірегей жобаның әзірге әлемде баламасы жоқ дейді, әзірлеушілер.

Артур Нұрғожаев, Стартапты құрушы компанияның техникалық директоры:

Алаяқтық рессурстар секунд сайын пайда болады. Біз өткен аптада бұғаттаған сайттың сілтемесінде тек бір ғана әрпі өзгеріп ол қайта көшіріліп, жүйеге ендірілді. Адам болса,  сайтты бұғаттадым болды деп өзгергенін білмей қалуы мүмкін. Ал, біздің жүйе оның қайта жанданғанын дереу анықтай алды.

Өнертабыс үш күндік сынақта халықтық IPO-ға қатысты тек бір ғана ұлттық компанияның ресми сайтының 16 жалған түрін анықтаған. Санаулы күндердің ішінде олардың арбауына 10 мыңнан астам тіркелуші түсіп қалған. Бұл орайда айта кетерлігі, ІІМ-нің дерегіне сай биыл интернет алаяқтардың құрығына іліккен қазақстандықтар 15 миллиард теңгесінен айрылған.  

Жанна Ақжанова, стартапты құрушы компанияның бас директоры:

Біз бизнеске көмек көрсетумен қатар құқық қорғау органдарының жұмысына серпін бере аламыз. Сөздің шыны керек, олар жапашегушілердің өтініштерін қараумен шектеледі. Өйткені, арнайы жүйе болмағандықтан қауқарсыз. Ал, біздің есептерімізде алаяқтардың нақты айпи адрестері көрсетіледі. Осының негізінде ақпаратты тексеріп, алаяқтың ізіне түсе алады.