Үкімет отырысында Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселесі қаралды

Қазақстандағы энергетикалық нысандарға толықтай техникалық аудит жүргізіліп, Үкіметке тиісті ақпарат енгізілсін. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Энергетика, индустрия министрліктері мен әкімдіктерге осындай тапсырма берді. Үкімет басшысы бейінді ведомстваларды қыс басталмай жатып төтенше жағдай орын алған «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеруді бірлесіп жүргізуге шақырды. Бұл ретте, «Апат қаупі» жоғары объектілер бойынша жабдықтары мен инфрақұрылымына ерекше назар аударылу керектігін баса айтты. Елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда болуын қаперден жібермеу керек деді. Сонымен қатар, Әлихан Смайылов Екібастұз қаласында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру және апатқа себеп болған барлық мәселені тез арада шешуді жүктеді.