Қазақстанда былтырғы жылмен салыстырғанда өлім-жітім 30%-ке төмендеген

Қазақстан халқының денсаулық көрсеткіштері жақсарып келеді. Мәселен, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың дерегінше, биыл 9 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы өлім-жітімінің төмендеуі 30%-ке жуықтаған. Бұл ретте, елдегі оң үрдісті халықаралық рейтингтер де дәлелдеп отыр. Тек соңғы 2 жылда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарының бағалауы бойынша Қазақстанның өз орнын бірден алты позицияға жақсартқаны байқалады. 193 мемлекеттің арасында қазір біз 59- орынға көтерілдік. Сенаттағы Үкімет сағатында Ажар Ғиният ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған шараларға тоқталды. Айтуынша, елімізде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 11 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланған.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

Биыл балалар мен жүкті әйелдерді, оның ішінде қауіп тобындағы балаларды зерттеп-қарау және оларға консультация беру үшін перенаталдық ультрадыбыстық скрининг жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ дамуында кемістігі және олардың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы ашылып жатыр. Биыл Алматы және Шығыс Қазақстан облысында ашылды. Келесі жылы 10 мыңнан астам балаға арналған 13 орталық ашу жоспарлануда.