Қазақстанда «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң жобасы әзірленеді

Қазақстанда «Ғылым және технологиялық саясат» туралы жаңа заң жобасы пайда болады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бейінді сала мамандарына тиісті құжатты әзірлеп, алдағы маусым айында Парламент қарауына енгізуді тапсырды. Премьер-Министр құжат ғылыми зерттеулердің нәтижелі болуын, олардың экономикалық әсерін арттыру үшін нақты шараларды қамтуы тиіс екенін баса айтты. Соңғы екі жылда ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті. Қазір қоғам осы салада тың өзгерістер және жаңа технологиялардың экономикаға енгізілуін күтуде. «Бұл ретте ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар тығыз ынтымақтастық орнатуы қажет», – деп толықтырды Әлихан Смайылов. Ол үшін белсенді алаңдар мен өзара әріптестік тетіктерін, сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар жанынан мамандандырылған инжиниринг-орталықтар мен технопарктер құру маңызды. Мұның бәрі, тұтастай алғанда отандық озық зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландырудың өсуіне және ғылымның Қазақстан экономикасына қосар үлесін арттыруға ықпал етеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Сондай-ақ ең әлеуеті ғылыми бағыттардағы тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесін арттыру қажет. Бұлардың қатарында атом және сутегі энергетикасы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, биотехнология, биоқауіпсіздік, нейроғылым сияқты салаларды атап көрсетуге болады. Ғылымның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында парламентпен жеке инвестициялар үшін қосымша преференциялар енгізуді пысықтау жұмыстарын жеделдету қажет.