Классикалық шахматтан әлем чемпионатының екінші партиясы Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталды

Астанада өтіп жатқан классикалық шахматтан әлем чемпионатының екінші партиясы Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталды. Қытайлық шахматшы Дин Лижэнмен ойын жүріс саны бойынша соңғы 10 жылдағы ұқсас жарыстармен салыстырғанда ең жылдам ойындардың бірі болды. Екі партиядан кейін Әлемдік шахмат тәжі үшін матчтағы есеп 1,5:0,5 болып, ресейлік гроссмейстердің пайдасына шешілді. Қарсыластар арасындағы келесі ойын 12 сәуірде өтеді.

Аркадий Дворкович,  FIDE президенті:

-  Біз қос шахматшыға да, олармен бірге келген делегацияға да, осы матчты қызығушылықпен бақылап отырған бүкіл әлем бойынша жанкүйерлерге де барынша қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Нәтижесін алда көре жатамыз.

Еске салайық, елордада 7 сәуірде басталған шахматтан әлем чемпионаты 1 мамырға дейін жалғасады. Дүбірлі дода шеңберінде Қазақстан мен әлемнің әйелдер құрама командалары арасында рапид және блиц бойынша халықаралық матч өтеді. Сондай-ақ, балалар турнирі ұйымдастырылмақ.