2024 жылдан бастап қазақстандықтардың жеке куәліктерінде саусақ іздері болады

2024 жылдан бастап қазақстандықтардың жеке куәліктерінде саусақ іздері болады

Дегенмен бұрыннан бар құжаттарды өзгертудің қажеті жоқ. Құжат заң күшіне енгенге дейін шығарылғандықтан, олар жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін қолданыста бола береді. Еліміздің Ішкі істер министрлігі халыққа қызмет көрсету орталықтарында дактилоскопиялық тіркеу тегін және 10 минуттан аспайтынын атап өтті. Саусақ іздері қазақстандықтардан ғана емес, шетелдіктерден, сондай-ақ, азаматтығы жоқ адамдардан да алынады. Олар микросызбаға енгізіледі.

Айгүл Қаңлыбаева, ҚР ІІМ комитетінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы:

- Екі қолының барлық саусақтарының болмауы немесе екі қолдың барлық саусақтарының тырнақ фалангтарында капиллярлық өрнектердің болмауы сияқты физикалық кемістігі бар адамдар дактилоскопиялық тіркеуден босатылады. Саусақ ізін тіркеу бір рет жүргізіледі. Бұл процедура жарақат, жаралар және т.б. салдарынан бастапқыда орындалмаған болса қажет жағдайда қайталануы мүмкін. Биометриялық құжаттар жүйеге биометриялық сәйкестендіруді жасауға және енгізуге, құжаттарды жалғандықтан қорғауға, лаңкестік қауіп-қатерлердің күшеюі жағдайында қауіпсіздік шараларын жақсартуға және қылмысқа қарсы күрес міндеттерін сәтті шешуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі құжаттарды өңдеу ережелерін жаңартты. Енді жеке куәлікте тегі, аты, әкесінің аты; туған күні мен жері; жынысы, берілген күні, құжат нөмірі, мерзімі, жеке қолы, ЖСН номері мен саусақ іздері көрсетіледі. Дегенмен ұлтты өз қалауы бойынша көрсетуге болады.