Қазақстандық ғалымдар бие сүтінің емдік қасиеттерін дәлелдеді

Ағзаға пайдалы ұлттық сусынның емдік қасиеттерін қазақстандық дәрігерлер ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Отандық гастроэнтеролог, Президент іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының профессоры - Бақытжан Биімбетов саумал мен қымыздың адамды қалай сауықтыратыны жайлы арнайы зерттеу жұмыстарын қолға алған. Оның нәтижесінде асқорыту жүйесіне оң әсері барын анықтапты.  Стеатогепатит, яғни қазір жиі кезігетін бауырдың майлануынан пайда болатын сырқаттардың еміне бие сүтін қосқан.

Бақытжан Биімбетов, гастроэнтеролог, президент іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының профессоры:

- Ол тек бауырдың анализдерін ғана дұрыстап қойған жоқ, науқастың симптомдарын ғана жақсартып қойған жоқ, басқада факторларды дұрыстады. Яғни, халестерин төмендеді, қант орнына келді бір қалыпты жағдайға, триглицеридтер және қосымша анемия дұрыстала бастады. Одан кейін, ер адамдарда жиі болатын урологиялық сырқаттардың жағдайы дұрысталды, күш-қуат пайда болды, шаштың түсуі азайды, адам дұрыс ұйықтайтын болды.

Қазақстандық дәрігерлер ұлттық сусынның өзге де кеселдердің емшарасында тиімділігін дәлелдеуге ниетті. Таяуда отандық ғалымдар Татарстанның Қазан университетімен бірлесіп, онкологиялық ауруларды емдеу үшін биенің сүтін қолдануға халықаралық инновациялық патент алған. Осы тәсілдің арқасында сүт безі қатерлі ісігінің химиотерапиясында науқастардың өмір сүру сапасы жақсарып, жанама әсерлер болмаған. Профессордың айтуынша, «Ауырып ем іздегенше, сырқатанбаудың жолын тапқан дұрыс». Сондықтан саумал ішуді еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін үйреншікті әдетке айналдырғаны абзал дейді. Оның құрамы ана сүтімен пара-пар екенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр.

Бақытжан Биімбетов, гастроэнтеролог, президент іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының профессоры:

- Біздің енді жалпы мақсатымыз жүргізген ғылыми зерттеу нәтижелерін ескере отырып түрлі сырқаттар кезінде емдік және диеталық шипасын протоколдарға енгізу.  Күзге таман халықаралық конференция өткіземіз деген жоспар бар. Онда шетелдік барлық ғалымдарын шақырамыз. Қымызбен, саумалмен айналысатын Еуропадан, Германиядан, Башқұртстаннан, Қырғызстан және Жапониядан келетін ғалымдар бар.

Жалпы қамбар ата төлі өнімінің шарапатын білмейтін адам кемде-кем. Тіпті, ұлттық сусынымыздың даңқы шетел асып кетті. Кезінде Ибн Сина бүйректе тасы бар уәзірді бие сүтімен жазған екен. Терапияның негізін қалаушы Сергей Боткин саумалды «өкпе туберкулезін емдеудегі ең жақсы нәр» десе, Нобель сыйлығының лауреаты, академик Илья Мечников оны «ұзақ өмір сүру сусыны» деп атаған. Биыл Бақытжан Биімбетов «Саумал мен қымыздың емдік-шипалық қасиеттері» кітабын жарықа шығарды. Монографиялық еңбекте бие сүтінің тарихынан бастап бүгінге дейінгі зерттеулер қамтылған. 

Ж.Ермұқанов