1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні

Бұл - бір шаңырақ астында бірлігі жарасқан еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің тұтастығын айшықтайтын күн. Көп ұлтты ұйыстырып, ұлысты ұғыстыра білген қазақ елі бүгінде әлемге үлгі. Бұрын соңды еш елде болмаған саяси құрылым, әлеуметтік институт - Қазақстан Халқы Ассамблеясы ең алғаш Қазақстанда құрылды.

Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры:

- Барлық ұлттардың осы жерде қоныстанған мәдени танымдық орталықтары бар. Олардың тілін, мәдениетін, білімін дамытуға біздің елде ешқандай шектеу жоқ. Шектеу жоқтығы былай тұрсын барынша жағдай жасалып отыр. Қазақстанның ең жоғары заң шығарушы органы Парламентттің өзінде Асамблеядан сайланған депутаттардың болуы біздің толеранттық саясатымыздың бір көрінісі деп айтуға болады.

Қазақстанда 130-дан астам ұлттың өкілі тұрады. Басым бөлігі кеңестік солақай саясат тәлкегінен ХХ ғасырдың бірінші жартысында елімізге жаппай жер аударылған. Сол кезде өзгені өзіндей көретін қонақжай қазақ ешкімді бөліп жармай құшақ жая қарсы алды. Тарихи деректерге сүйенсек, халық күштеп көшірілген елдердің ішінде бауыр басып, тұрақты мекен еткендердің ең көбі Қазақстанда тіркелген. Мәселен, 1930 жылдары депортацияланған 125 мың әзербайжан ұлтының бүгінде елімізде 200 мыңнан астам өкілі бар.

Закария Нахметов, Әзербайжан этномәдени орталығы төрағасының орынбасары:

- Біз Әзербайжан мен қазақ генетикалық тұрғыда бауырмыз, біз бір елміз, бәріміз түркі халқымыз. Сондықтан Қазақстан біздің өз үйіміз, ата жұртымыз. Менің қазақ достарым бар. Тойларымызды бірге жасаймыз. Бір-бірімізден қыз алып, қыз берісеміз. Қазақстан, Әзербайжан – бір ұлт. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстан халқының саны 19 миллион 800 мың адамнан асты. 2021 жылғы халық санағы үштен бірін өзге ұлт өкілдері құрайтынын көрсетті. Оның бәрі бір үйдің балаларындай қаймағы бұзылмаған қоғамның бейбіт тірлігін баянды етіп, қуатты ұлт, шуақты ұлыс құру қамында бір мүдеге ұйып жүр.