Оннан астам қазақстандық IT-стартап қатысушы АҚШ-тың Кремний алқабында оқуын бастады

Оның аясында Қазақтаннан келген жобалармен қатар Түркия, Қырғызстан және Монғолия елдерінің үздік стартаптарын жетілдіру үшін жаңа білім көзіне қол жеткізгенін айта кеткен жөн.  Барлық қатысушылар тәжірибелі сарапшылардың сүзгісінен өтті. Алғашқы кезеңде 200 өтінімнің тек 80-і ғана іріктеліп, екі апталық онлайн оқудан өтті. Олардың арасынан суырылып шыққан 15 үздік бастама АҚШ-тың иновациялық орталығына жолдама алды. Бұл жерде қатысушылар арнайы бағдарлама бойынша оқудан өтіп қана қоймай, өз жобаларына инвестициялар тартуға, төл өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік алады. 

Абай Абсамет, Astana hub халықаралық технопаркінің басқарушы директоры:

- Бұл негізінен түрлі салаларды қамтитын компаниялар. Оның ішінде жасанды интелект және виртуалды шындық бағыттарында жаңа өнімдер жасайтын жобаларды ерекше атап өтуге болады. Яғни жасанды ақыл-ой саласына ден қойған жастарымыз бар. 3D принтерлер шығару, медициналық зерттеулерге арналған арнайы жабдықтар құрастыруға қатысты түрлі бағыттағы жобалар бар. Олардың бәрінің әлеуеті зор. Бір сөзбен бүгінгі әлем нарқының сұранысын қанағаттандыруға тұрарлық жобалар іріктелді. 

Айта кетейік, бүгін Астана хабта тіркелген 1100–ден астам компанияның 200 жуығы Қазақстан резиденті емес. Халықаралық технопарк қатысушыларының соңғы бес жылдағы жалпы табысы 1,2 млрд долларды құраған.