Осыдан 31 жыл бұрын 4 маусым күні Қазақстанның мемлекеттік рәміздері қабылданды

4 маусым – Ел нышандарының күні. Осыдан тура 31 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік рәміздері қабылданып, бекітілді. Жаңа тәуелсіз мемлекеттің бетін ашқан рәміздердің тарихи мәні ерекше. Әрбір ою-өрнегінің өзіндік мағынасы бар. Ұлы дала ұрпақтарының бай мәдени мұрасы, шежіресі мен ұлттық құндылықтарынан сыр шертеді. Тарихшылар бүгінгі ел  нышандарының негізі 5 мың жыл бұрын қаланғанын айтады. Тамыры терең тартқан сақ, ғұн дәуірлерімен сабақтасқан көненің жұрнақтары бүгінде елдің бірегейлігін жер-жаһанға танытып келеді.   

Қаржаубай Сартқожаұлы, филология ғылымдарының докторы, тархшы:

- Көне дәуірден бері қарай қандай бір мемлекеттің немесе тақ иесі ханның тоғыз түрлі асыл мұрасы болған. Осы асыл мұралардың бірі мемлекеттік рәміздер. Ғұн дәуірінен бастап біздің алғашқы рәмізіміз осы күн мен ай. Ол бір жерден ғана табылған жоқ. Өркендей, өсе келе бүгінгі Қазақстанның Ұлттық рәмізінің өзінде  осы бір элементтер сақталып отыр. Елтаңба мен тудағы құстың өзі айға ұқсатып жасалған. Шаңырақтың өзі күнге ұқсап келіп тұр.

Елдігіміздің нышанына айналған мемлекеттік рәміздерді ұлықтау шаралары республикалық патриоттар форумынан бастау алды. Елжанды азаматтар бас қосқан дәстүрлі жиында Қазақстанның өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген белсенді отандастарымыз салтанатты түрде марапатталды.