«Ұлт мақтаныштары» ұлықталды

Жамбыл мен Мұқағали жырлары арқылы қазақтың ұлттық бірегейлігін бар әлемге танытуға болады. «Ұлт мақтаныштары» атты халықаралық онлайн дөңгелек үстел отырысында осындай пікір айтылды. Шара елордада ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына және Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналды.

Қазақтың ұлы қайраткерлеріне арналған онлайн кездесуге Қазақстан мен Швеция Корольдігінің зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналғандар ұлттың ұлылығын түсіну үшін оның әдебиетімен танысу керек деген ортақ пікір айтты.

Уәлихан Қалижанұлы, филология ғылымдарының докторы, ғалым:

- Еуропалықтар үшін мынадан арылу қиын ғой. Бізді Ресейдің бауырында, коммунистік жүйеден арыла алмай, соның идеологиясымен қалған халық деп есептейді ғой. Ал біз өзіміздің егемен ел екенімізді, үлкен руханиятқа қосқан үлесіміз бар екенін қалай көрсетеміз? Осындай төл әдебиетімізбен, тарихымызбен көрсетеміз. Мұндай онлайн конференция болғанымен, қазір бұл бәрібір Абай айтқан Еуропаға есік ашумен бірдей. Яғни біз өзіміздің идеологиямызды, ұлттық бірегейлігімізді, ерекшелігімізді әлемге танытуымыз керек.