ҰБТ-2021: биылғы сынақтың жаңашылдықтары қандай болмақ?

Биыл 120 мың қазақстандық ҰБТ тапсырады. Сынақ алғаш рет электрондық форматта өтеді. Оқушылар тестілеуге арналған 51 пункте өз білімдерін растайтын болады. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мәлімдеді. ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, енді 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін үш ай бойы жалғасады. Талапкер күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды.

Әділет Тойбаев, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:

- Ең ұтымды жағына тоқталсақ, оқуға түсушінің өзі қай күнге, қай уақытта және қай жерде өткізуді таңдай алады. Тағы бір артықшылығына тоқталсақ, тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу нақты аяқталғаннан кейін бірден сол жерде қолжетімді болады. ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда, талапкер апелляцияға сол күні, яғни 30 минут ішінде өтініш беруге құқылы. «Бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты қолданылады. Біз ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлдік.

Сынақ тапсыру пунктерінде ақпараттық қауіпсіздікпен қатар санитарлық талаптар қатаң ескерілетін болады. Ол жерлерде термобақылауға арналған планшеттер қолданылып, бетперде кию талабы мен әлеуметтік қашықтық сақталады. Тағы бір айта кетерлік жайт, ҰБТ-ны 2 мәрте тапсыруға болады. Сынақ тапсырмалары мен пәндердің саны өзгеріссіз қалды.

Дидар Смағұлов, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

- Әдеттегідей екі бейінді және үш міндетті пән бойынша тапсырады. Қазақстан тарихы бойынша - 15, математикалық сауаттылық бойынша тағы 15, оқу сауаттылығы - 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан беріледі. Тестілеуге 240 минут немесе 4 сағат уақыт беріледі. Сонымен қатар санитарлық талаптарға сәйкес, тестілеудің 60 минутынан кейін және 2 сағаттан соң, үзіліс қарастырылғанын айта кету керек. Оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін бір сағаттан соң 2 минуттық, екі сағаттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов