Регистан. Самарқанға саяхат

Бүгін Самарқан шаһарымен танысып, Орталық Азиядағы сәулет өнерінің шырқау шыңына шығамыз.

«Регистан» – Орта Шығыстағы ортағасырлық қалалардың басты алаңы. Ең атақты регистан саналатын Самарқан алаңы үш медреседен тұратын архитектуралық ансамблімен танымал.

«Регистан» алаңының атауы «құммен көмкерілген жер» деп аударылады. Мәселенің мәні тереңде жатыр. Аңызға сенсек, XV ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін бұл алаңда өлім жазасына кесілген қылмыскерлерге үкім орындалатын. Көзге көрініп, көпшіліктің үрейін ұшырмасын деп, қан төгілген жерге құм себілетін. Алаңда кәдейсый дүкендері, керуен-сарайлар мен төбесі жабық сауда базарлары жұмыс істейтін. Ортағасырлық үш бірдей керемет университеттің ансамблі бірден пайда болған жоқ. Алдымен XV ғасырдың басында Ұлықбек медресесі салынды, екі ғасырдан кейін Шердор мен Тіллә Қари медреселері бой көтерді.