Абай атындағы опера және балет театры Грузияда

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының Грузияға гастрольдік сапары. Атақты ұжым Тбилисиде ұлттық өнердің жауһары «Абай» операсын қойды. Бұл – Грузия астанасының мәдени өміріндегі айтарлықтай оқиға болды. Өнер сүйер қауымның қошеметі келесі күні де жалғасты. Қазақстандық опера жұлдыздарынан кейін Захария Павлиашвили атындағы театрдың сахынасына еліміздегі хореграфиялық өнердің майталмандары шықты.

Тбилиси – ерекше сәулеті мен сұлу табиғаты сан ғасырлар бойы жазушылар мен музыканттарға шабыт берген қала. Тбилисиде көне мен жаңа әдемі үйлесім тапқан. Сансыз көркем көшелерінен қаланың рухы мен жайдар көңіл күйін сезінуге болады. Саясы мол Руставели даңғылымен серуен құрсаңыз XIX ғасырдағы сәулетшілердің тамаша туындыларын міндетті түрде көресіз.