Рахымжан Отарбаев. Махамбет батырдың бас сүйегі

Әр адам – бірегей жаратылыс. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы өз заманынан озық жаратылған кесек тұлға туралы. Ол кім? Терең ойлы сұраққа жауап іздейік.

Рахымжан Отарбаев – жазушы, драматург. 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1977 жылы Орал педагогикалық институтын бітіреді. Еңбек жолын өңірлік газетте тілші болып бастайды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері. Республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың, Президент стипендиясының иегері.

Жазушының шығармалары елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал. Оның таңдамалы туындылары орыс, қырғыз, қытай, араб, түрік және ағылшын тілдеріне аударылған.

Рахымжан Отарбаевтың баға жетпес еңбектерінің бірі – «Бас» романы шым-шытырық оқиғалар желісімен шынайы тарихи деректерді сипаттайды. Қазақтың өр рухты ақыны, ел бастаған батыр Махамбет Өтемісұлы ХІХ ғасырдың соңында ұлан-ғайыр далада өзара тартыс пен саяси қақтығыстың құрбаны болды. Сатқындардың озбыр тірлігінің кесірінен азаттықты көксеген күрескердің қапияда басы кесіліп, денесінен кейін жер қойнауына тапсырылды.

Романның аты айтып тұрғандай, мұндағы оқиғалар желісі жанама түрде Махамбет батырдың бас сүйегі арқылы өрбиді.

Шығарманы екі үлкен кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы – кейіпкерлердің бас сүйектен бас тарту кезеңі. Ал екіншісі – бас сүйекті іздеу кезеңі. Осы тұста заңды сұрақтар туындайды. Кейіпкерлер бастан неге бас тартты? Одан кейін бас сүйекті аласұра іздеуіне не себеп? Соңғы сауалдың жауабын топшылау қиын емес. Махамбеттің басын тапқан адамға қомақты сыйақы беріледі. Қу дүниеге құныққандар ештеңеге қарамай, басты іздей бастайды. Ақша тігілмесе, өр батырдың ғазиз қаңқасының да еш құны жоқ екен. Әттең... Өзекті өртеген осы бір өкініш арқылы жазушы қоғамның ұлт қаһармандарын қадірсіз еткенін айтқысы келгендей.