Фильмнің көрінбейтін кейіпкерлері

Олардың әр қимылынан өзіне сенімділік пен кәсібіне деген сүйіспеншілік байқалады. Бұл қызығы мен шыжығы мол мамандық. Каскадерлер көбіне кадр сыртында қалатын адамдар. Алайда олардың еңбегі зор құрметке лайық. Аталмыш кәсіп иелері тәуекелге бел буады. Қауіп-қатерге толы іс-қимылдар орындайды. Оларды фильмнің көрінбейтін кейіпкерлері деп те атайды. Ептілік, төзімділік және ерлігімен киногерлердің құрметіне бөленіп, талайларды тамсандырып жүрген таланттар туралы түнді таңға жалғап айтуға болады. Бүгінгі бағдарламамызды қауіпті де, қызықты кәсіп иелеріне арнауды жөн көрдік. Иә, олардың ұстанымы – сенім мен рух, ұраны – нар тәуекел. Бұл мамандық кинематографиямен қатар дамыды. Түсірілім тобының ажырамас бөлігіне айналды. Ендеше каскадерлер туралы танымдық бейнематериалдар топтамасын өткізіп алмаңыздар.