Суреттер сөйлейді. ІІ Николай патшаның Орал қаласына келуі

1891 жыл. «Нива» журналы қазақтардың Ресей империясы мұрагерінің келу құрметіне арнап, 1891 жылдың жазында, Орал қаласында  өткізген тойы туралы мақала мен иллюстриация жариялады. Болашақ патша ІІ Николай әлемді аралап, саяхат жасады, сондай-ақ, өз империясының губерниялары мен шеткері аймақтарына да соға кетті. О заманда қазақ даласы ресейдің қол астына қарайтын. Сол себепті тақ мұрагерінің келетіні туралы хабарды естіп, қала халқы мен дала жұрты  біраз дүрлігіп қалды. Болашақ патшаны өз көзімен көргісі келетіндердің көбейіп кеткені сонша, Орал өкіметі сол нөпірді тоқтату үшін, «әр уезден 100 киіз үй ғана келеді» деп, шектеуге мәжбүр болды. Далада уақытша ауыл құрылды, сол ауылдың қақ ортасына ішкі жасауы көздің жауын алатындай әдемі, әппақ киіз үй тігілді.            

Сол 1891 жылдың жазында Семей мен Ақмола, Жетісу мен Омбы және Қостанай облыстарының өкілдері де тақ мұрагерін дәл осындай салтанатпен қарсы алды. Міне, мынау «Тақ мұрагерінің Шығысқа саяхаты» деп аталатын кітапта жарияланған иллюстрация. Мына адамдар – Ертіс өзенімен саяхаттап жүрген жоғары мәртебелі қонақты, қазақ жерінде күтіп алған билеуші сұлтандар делегациясы. Осы ақсүйектердің арасында қазақтан шыққан алғашқы ғалым – Шоқанның әкесі – Шыңғыс Уәлиханов та бар.    

Көшпенділер мәртебесі жоғары, қадірлі қонақтан тарту-таралғыны аямады. Мысалы, берген сыйлықтарының ішінде мынандай - ат бәйгесі, жылқыға құрық салу, қыстау, тұрмыстық көріністер бейнеленген, Семей, Ақмола, Жетісу облыстары таңбасының суреті салынған, сыртына алтын жалатылған табақтар болды.