Исламия Әбелди. Гольфтан Қазақстан чемпионы

Қазақстандағы гольф ойынының Алматыдағы алғашқы клубтың ашылуынан басталатын 25 жылға жуық тарихы бар. Осы уақыт ішінде бұл спорт бізде қарқынды түрде дамыды, чемпиондар тәрбиеленіп шықты, тіпті балалар академиясында тегін секциялар да жұмыс істеп жатыр. Гольф денені шынықтырып, жүйке жүйесі мен ойлау қабілетін жетілдіріп қана қоймай, қарым-қатынас әдебіне, сыйластыққа, жауапкершілікке баулиды.

Алматыдағы балалар гольф академиясының директоры Александр Дырин бірнеше жылдан бері ересектер мен балаларды гольф ойнау шеберлігіне үйретіп келеді. Спорттың бұл түрін пайдалы, жас пен кәріге бірдей қолжетімді деп есептейді, оны 5 жастан 95 жасқа дейінгі кез келген адам ойнай алады.

Гольфтан Қазақстан чемпионы атанған 11 жасар Исламия Әбелди бұл спортқа үйреншікті сценарий бойынша емес, тылсым күштің әсерімен келген екен.