«Қазақ Квест»: 21 хан, 52 батыр, 19 би және 8 сұлтан жерленген киелі Түркістан шаһары

Түркістан – Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Оның салынғанына 1500 жылдан астам уақыт болған. Бір кездері бұл қала қазақ хандығының астанасы болған. Мұнда темуридтер империясының негізін қалаушы, қолбасшы Темірдің заманындағы ғимараттар сақталған. Ал тарихи нысандар ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген.

Түркістан – шынында да Қазақстанның ең киелі жері. Мұнда 21 хан, 52 батыр, 19 би және 8 сұлтан жерленген. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар осы қасиетті жерлерге зиярат етуге барады. Сондықтан бұл қала «екінші Мекке» аталып кеткен. Түркістанға жасаған үш қажылық –  Меккедегі кіші қажылықпен тең.

Түркістаннан шыққан ең танымал тұлға, әлбетте, ғалым әрі философ – Қожа Ахмет Яссауи. Ол сопылықтың түркі тармағының негізін қалаушы болды. Оның соңынан көптеген ізбасарлары ерді. Сондықтан Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болған соң, Түркістан қажылық ететін діни орталықтардың біріне айналды.