Қазақстандағы омарта мен балық шаруашылығы

Бүгінгі хабарымыз – табиғаттың құдіретін қадірлейтін, берген сыйын молайтып, қоғамға пайдалы іс жасап отырған адамдар туралы.

Марлен Тұрсынәлі — кәсіби ихтиолог. Қазақстанның оңтүстік шығысында орналасқан Нарынқол деген шағын ауылдың тумасы. Өзен мен кішкентай бұлақтары ғана бар елдімекенде бұған дейін балық шаруашылығымен ешкім айналыспаған. Екі жыл бұрын Марлен Нарынқолда бақтақ және бекіре өсірумен айналысатын ферма ашты. Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда балықты көп жей бермейді. Әлеуметтік жағдайы орташа адамдар балықты қымбатсынады. Десе де, оның пайдасы өте көп екені белгілі. Марленнің ойынша, жергілікті тұрғындар балық өнімдерін көп тұтынуы керек.