Сақтар: қорғандардан табылған жылқы сүйектері мен ат әбзелдері

Алғашқы мемлекетті құрған сақтар екенін қандай деректер дәлелдейді? Алтын адамның жанынан табылған күміс кеседегі 26 таңбалы жазудың әліпбилік жазу екені неден байқалады? Сақтардың ғимаратты күмбездеу технологиясын ең бірінші болып меңгергеніне қай ескерткіш айғақ?

Сақтар дәуіріндегі алтын өндірісін айтқанда, алдымен тоқтайтынымыз – Алтын адам. Әлемдік ғылым үшін сенсация болған жаңалық 1969 жылы Алматының іргесіндегі Есік қорғанынан табылған. Киімнің алтын әшекейлермен апталуы сақ шеберлерінің металды өңдеуде озық болғанын ойға қондырады. Ал «аң стилінде» айшықталуы сақ қоғамының дүниені тануға қалай талпынғанын паш етеді. Енді осыдан түйін шығарғанда түсінеріміз, мұндай құрметке кез келген адам лайық бола бермес. Демек, бұл – жай ғана жауынгер емес, патша әрі мемлекеттің билеушісі.

Қойшығара Салғараұлының зерттеуі бойынша, Ұлы далаға алғаш келгендер «Ас» тайпасының адамдары екен. «Азия» атауының өзі де осы бірлестіктің қоныстануынан шығып тұрса керек-ті. «Ас» және «ұя» сөздерінің бірігуінен «Асұя» – «Азия» деген ұғым пайда болады. Мұндағы «ұя» сөзі – «баспана, мекен» дейтін мағыналарға ие. Ал «олардың тілі – түркі тілі болған» дегенді ресейлік зерттеуші Юрий Дроздов пен латыш ғалымы Галина Шукенің деректері де бекіте түседі. Олардың пайымдауынша: адам баласының алғашқы тілі – прототүркі тілі. Орта ғасырларда қыпшақ тілінің «халықаралық қарым-қатынас тіліне» айналуының да осындай негізі бар шығар?!