Біз жайлы

JIBEK JOLY – Қазақстан Республикасының алғашқы ұлттық спутниктік телевизиялық арнасы «Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешені» КЕАҚ құрамына кіретін елдегі ірі медиахолдингтерінің бірі.  HotBird 13B, Galaxy 19, Yamal 401 90° (FSU),Türksat 3A, KazSat 3 (Қазақстан) және MEASAT 3A спутниктері арқылы 118 елдің, төрт құрлықтың көрермендері үшін қолжетімді. Арна контенті – 100% отандық өнім. Қазіргі уақытта Jibek Joly арнасының жалпы аудиториясы 300 миллионнан астам көрерменді құрайды. Телеарна бағдарламалары  мәдениет, дәстүр, тарих, туризм және инвестиция сияқты бағыттарды қамтиды.

Арна хабар таратуды 2002 жылдың 25 қазанында «Caspionet» деген атпен бастады. Еліміздің имиджін ілгерілетуге бағыт алған телеарна 2012 жылы 1 қыркүйекте «Kazakh TV» деп өзгертілді. 2017 жылдың 16 қарашасында «Kazakh TV» жаңа форматқа, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дыбыстық сүйемелдеуімен көпарналы хабар таратуға көшті. 2018 жылдың 1 мамырынан бастап үш тілдік арнаға төртінші тіл – қырғыз тілі қосылды. Ал 2018 жылдың 28 қарашасында арна өзбек тілінде де хабар таратуды бастады.

Көпарналы сигнал сандық теледидардың әр абонентіне аталған тілдердің әрқайсысында 100% таратылатын таңдаулы дыбыс жолын таңдауға мүмкіндік береді. Жаңа форматта Қазақстан мен шет елде тәулік бойы көруге болады. 2020 жылы акционерлердің шешімімен қазақ тілінің латын графикасына көшу перспективасына байланысты телеарна Qazaq TV брендімен хабар таратуды жалғастырды.