Қазақстан Ыстықкөлден 58,8 гектар жерді жалға алады
Қазақстан Ыстықкөлден 58,8 гектар жерді 49 жылға жалға алады. Бұл аумақта
шипашайлармен мен демалыс үйлері орналасқан. Бүгін Сенат тиісті заңды
мақұлдады. Жаңа норма аясында Қырғыз жерінде орналасқан «Қазақстан» санаторийі,
«Самал» демалыс үйі, «Университет» спорт-сауықтыру лагері және «Олимп» спорт-сауықтыру
орталығы сынды төрт нысан Қазақстанның меншігіне өтеді. Бұл нысандардың барлығы
кеңес заманында салынған. Сондықтан, Қазақстан аталған демалыс орындарын 3-4
жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңартуға міндеттеледі. Ал қырғыз тарапы
нысандарды кері қайтарып алмауға кепілдік береді. Жер телімдері қатаң түрде
демалыс және сауықтыру мақсатында ғана пайдаланылуы тиіс.
Нұрия Ниязова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Оны пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Санаторий аумағындағы
қолданыстағы барлық ескі ғимарат пен құрылыс бұзылады. Тек тарихи-мәдени мұраны
сақтау мақсатында Дінмұхамед Қонаевтың №1 саяжайы ғана орнында қалады. Ол
үй-музейге айналдырылады.
Жалпы, төрт нысанды жаңғыртуға 35,7 млрд теңге жұмсалады. Қаржы
вице-министрінің сөзінше, төрт нысанның ішінде тек «Қазақстан» шипажайын
жаңғыртуға бюджеттен 9 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Қалған ғимараттар
инвесторлардың есебінен жөнделеді. Айта кетейік, екі ел арасындағы бұл келісім
курорттық нысандардың жұмыс істеуі үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға
бағытталған.

